20 маусым күні Оқушылар сарайы Сингапурдан құрметті қонақтарды күтіп алды: Singapore Science Centre Бас директоры, Сингапур Ұлттық ғылым академиясының Президенті Lim Tit Meng, білім беру бағыты бойынша аға директор Lee Song Choon, көрмелерді ұйымдастыру және өткізу бойынша аға директор Daniel Tan. Бұл кездесу Алматы қаласындағы Балалар ғылыми музейі мен біздің Оқушылар сарайы арасындағы ынтымақтастықтың бастамасы болды. Аталған музейдің серіктестері қатарында Singapore Science Centre бар екенін атап өткен жөн. Қонақтарды жылы қарсы алған — біздің “Сазсырнай” фольклорлық ансамблі мен “Әлқиса” халық аспаптар ансамблі. Сонымен қатар, көрме кеңістігінде балалардың қолөнер туындыларынан құралған “Сиқырлы киіз” атты халықтық қолданбалы өнер көрмесі ұйымдастырылды. Сингапур делегациясы ғылыми-техникалық бөлімнің жобаларымен танысып, 3D прототиптеу, Химия, Биология зертханаларын аралап, оқушылардың ғылыми ізденістеріне куә болды.