«Өрнек» жазғы лагеріндегі үшінші ауысым өз мәресіне жетті. Бұл жолы ауысымның шырайын кіргізген – Оқушылар сарайының белсенді, өнерлі, ұйымшыл ұл-қыздары. Олар әр күнге қуаныш сыйлап, лагерь өмірін шынайы эмоция мен ұмытылмас сәттерге толтырды.

Алғашқы күннен бастап балаларға әр сәт – жаңа мүмкіндік болды. Олар спорттық жарыстарда шымырлықтарын көрсетіп, шығармашылық шеберханаларда қиялдарын ұштап, кешкі концерттерде сахнаның жұлдызына айналды. «Көшбасшы күні» ерекше есте қалды – бұл күн балаларға жауапкершілік алып, шешім қабылдауға, бірін-бірі қолдауға жол ашты.

Бұл ауысым жай ғана демалыс емес, достық пен бірліктің мектебі болды. Балалар тек көңіл көтеріп қана қоймай, бір-біріне сенуді, тыңдауды, ортақ табысқа бірге жетуді үйренді. Олар нағыз командаға айналды.

«Өрнек» ұжымы баламен бірге әр қадамда болған, шабыт сыйлаған, жаңа қырларын ашуға көмектескен Оқушылар сарайының тәлімгерлеріне шын жүректен алғыс білдіреді. Сіздердің жанашырлықтарыңыз бен кәсібилігіңіз — осы ауысымның жүрегі болды.

Біз бұл жаздың ұмытылмас естеліктерге айналғанына сенімдіміз. Алда әлі де қызыққа толы күндер бар. «Өрнек» жазы жалғасуда – жаңа ашылулар мен жарқын сәттер әлі алда!