25 қазан Ұлттық мереке – Республика күніне орай Оқушылар сарайы басшысы А.Б. Байсымақова қызметкерлер мен оқытушыларды құттықтап, алғыс хатпен марапаттады.
А. Болатбекқызы қызметкерлердің мемлекетіміздің тұрақты дамуы мен өркендеуі жолында атқарған еңбектерін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, өз сөзінде: «Еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақыт, құт-береке тілеймін» – деп жүрекжарды тілегін жеткізді.
Іс-шара мерекелік көңіл күйде жалғасын тауып, патриоттық сезімге толы әндер шырқалды.
2023 жылдың 16-қазанында Астана қаласында Құрманғазы Сағырбайұлының 205 жылдығына арналған Қазақстан орындаушыларының республикалық байқауы өтті.
Байқауда Оқушылар сарайының балалар музыка мектебінің оқушылары бірінші дәрежелі дипломға иеленді. Атап айтсақ, Гусейнов Арслан – вокал, Хан Ева және Хан Вероника – саксофон, Аздер Іңқәр, Сәдуақас Абылай, Сафиев Дамир, Қарабалин Абдукарим – домбыра, Мурзадилов Абай – фортепиано бағыты бойынша жүлделі орындарға ие болды.
Сонымен қатар, оқытушылар Шағарова Анжела, Бемм Артур, Ақбаев Айман, Абикешева Райхан, Астафьева Василий және сүйемелдеушілер Яновец Елена және Скрипченко Елена педагогикалық шеберлігі үшін дипломдармен марапатталса, оқытушы Хан Лилия Рашидқызы «Классикалық және джаз сольфеджиосының параллельдері» атты әдістемелік жұмысы үшін 1-дәрежелі лауреат дипломым иеленді.
Оқытушыларымыз бен оқушыларымызды жетістіктерімен құттықтаймыз!
Оқушылар сарайының Көркем және қолданбалы өнер бөлімі “Жас домбырашы”, “Шабыт” балалар бірлестігінің білімалушылары республикалық “Жас дарын” сайысында жүлделі орындарға ие болды.
“Жас дарын” республикалық жарысы 2023 жылдың қазан айының 8ші жұлдызында Алматы қаласында өткен болатын. Еліміздің түкпір-түкпірінен таланттар жиналған сайыста, Төрехан Оразұлы мен Сая Махамбетқызының оқушылары бас жүлделер мен бірінші орындарды қанжығаларына байлады. Сондай-ақ, домбырашылардың дарындарын шыңдай түскен ұстазы Көркемөнер бөлімі “Жас домбырашы” балалар бірлестігінің педагогы Қажығали Төрехан Оразұлына “Үздік ұстаз” төсбелгісі табысталды. Шәкірт тәрбиелеп, жас өнерпаздардың бейімі мен талпынысын арттырған ұстаздарымызға алғыс айтамыз.
Ал, сарайымыздың жарық жұлдыздарын жеңістерімен құттықтай отыра, алдағы өнер жолдарына ақ жол тілейміз! Қанаттарын талмай, биіктерге шырқандар, жас домбырашылар!
Мақтаныштарымыздың есімдері мен жүлделі орындарымен таныс болайық:
” ТЕАТРДЫҢ ҒАЖАЙЫП ӘЛЕМІ ” РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬ-БАЙҚАУЫ ӨТТІ
Оқушылар сарайында 2023 жылдың қазан айының 12сі мен 15ші жұлдызы аралығында үздік таланттарды бір сахнаға жинаған «Театрдың ғажайып әлемі» республикалық фестиваль-байқауы өтті.
Бұл бірегей шара республиканың түкпір-түкпірінен келген таланттарды біріктіріп, театрдың қайталанбас атмосферасын қалыптастырды. Аталмыш фестиваль театр әлемінің байлығын көрсетуге және баршаны шығармашылықтың жаңа биіктеріне шабыттандыруға арналған.
Байқауға еліміздің 17 облысының таланттары жиналып, барлығы 153 қатысушы қатысты. Өнерпаздар “Өрнек” лагеріне жайғасып, байқауға дайындықтарын пысықтады. Олар түрлі жанрдағы (музыкалық опера, балет, мюзикл, би, драмалық және қуыршақ) театр қойылымдарын, сондай-ақ әдеби-музыкалық композицияларды орындады.
Фестиваль қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, оларға дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді:
Гран-при — Ақтөбе облысы, «Жалын» театр ұжымы;
1-орын – Алматы қ. “Экспромт” театр ұжымы; Шымкент қ. «Шабыт» театр ұжымы;
2-орын – Қарағанды облысы, «Жалын» театр ұжымы; Алматы облысы, «Жас талап» театр ұжымы;
3-орын – Шығыс Қазақстан облысы, «Өнер әлемі» театр ұжымы; Павлодар облысының «Маска» театр ұжымы және Ұлытау облысының «Ұлар» театр ұжымы.
«Үздік әйел рөлі» — Қонысбек Ақгүлім, Қостанай облысы;
«Үздік ер адам рөлі» – Амангелді Нұрдәулет, Атырау облысы;
Кейіпкердің ең үздік актерлік бейнесі – Марат Расул, Жамбыл облысы;
Көркем сөз – “А. Q” театр ұжымы, Астана қ.
Байқауға қатысқан жас таланттарға барша ұжым атынан алғыс білдіреміз. Болашақта үлкен сахналарда көрінетін жарық жұлдыз болуларына тілектеспіз!
Биыл 40 жыл мерейтойын атап өткен Оқушылар сарайы оқу жылын онлайн форматта бастаған болатын. Оның басты себебі, сарайдағы күрделі құрылыс жұмыстарының жүргізілуінде.
Қосымша білім беру және мәдени іс-шаралар орталығы ретінде қызмет ететін тарихи ғимарат жөндеу жұмыстарының арқасында қайта жандануда. Бұл туралы Оқушылар сарайының директоры Айгүл Болатбекқызы хабарлайды. “Қазіргі уақытта сарайда жаңғыртудың ең маңызды кезеңдерінің бірі аяқталып, одан кейін инфрақұрылым толығымен жаңартылған соң, обсерватория өз жұмысын дәстүрлі оқу форматында қайтадан бастайды. Жаңа инновациялық бағыттар ашылып, балаларды қосымша біліммен одан әрі қамту үшін барлық қажетті жағдайлар жасалатын болады. Ең бастысы, сарай өзінің тарихи келбетін сақтап қалады”,-дейді А. Болатбекқызы
Сарайды жаңғыртудың барлық мәселелері қала басшылығының тұрақты назарында. Қазан айының басында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев сарайда болып, ұжымды 40 жыл мерейтойымен құттықтады. Жөндеу жұмыстарының барысымен танысқан әкім барлық іс жоғары сапалы деңгейде жүргізілуін, оқушыларға қауіпсіз және қолайлы жағдай жасау керектігін атап өтті.
Оқушылар сарайы Көркем және қолданбалы өнер бөлімі “Вокал” балалар бірлестігінің педагогы Даутов Тұрғынәлінің шәкірті Қайтпас Айару Республикалық “Жас дарын” байқауынан жүлделі ІІ-орын иегері атанды.
Сондай-ақ, Көркем және қолданбалы өнер бөлімі “Шабыт” балалар бірлестігінің педагогы Сая Махамбетқызының шәкірттері: Тұрдалы Дастан, София Балгазина, Мирас Максимов 6-қазан күні Алматы театрында Алматы қаласының әкімі ұйымдастырған “Ұстаздар мерекесі” мерекелік концертінде өнер көрсетті.
Республикалық деңгейде өз өнерімен халықты тәнті еткен оқушыларымызды шын жүректен құттықтаймыз!