Author: Арман

23 НАУРЫЗ – ТАЗАРУ КҮНІ

Наурызнама онкүндігінің қорытынды күні – Тазару күні.
Бұл күн жаңа жылды тұтас ел болып, жаңа мақсат, жаңа үмітпен қарсы алудың символы ретінде атап өтіледі.
Наурыз мейрамы баршаңызға тек жақсылығымен келсін!

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ – НАУРЫЗ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Ұлыстың ұлы күні табиғаттың мерекесі, жыл басы Наурыз мейрамы құтты болсын!
Наурыз баршамызға жаңа жетістіктер мен қуаныш, әр отбасына жылулық пен молшылық, жақсылық әкелсін. Еліміз тыныш, берекелі болсын.
Баршаңызға денсаулық, амандық, еңбек пен оқуда үлкен табыстар тілейміз!
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

21 НАУРЫЗ – ЫНТЫМАҚ КҮНІ

Ынтымақ күні – еліміздегі барлық ұлттардың ынтымағы мен бірлігін нығайтатын, достастық қарым-қатынасты нығайтатын айтулы күн.
Бұл күннің басты мақсаты – жалпы халық арасында бір-біріне деген сый-құрметті арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау.
Еліміздің ынтымағы арта берсін!

«КҮЙ КҮМБІРІ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДОМБЫРАШЫЛАР ЧЕЛЛЕНДЖІ

2024 жылдың 20-наурыз күні Алматы қаласы Оқушылар сарайының «Балдәурен» және «Жігер» ансамблінің оқушылары Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай», «Балбырауын» және «Тепең көк» күйлерін орындап, «Наурыз» мейрамына арналған республикалық домбырашылар челленджін қолдады.
Іс-шараны ұйымдастырудағы басты мақсат – «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік мәдениеті мен патриоттық сезімдерін тәрбиелеуге, еліміздің мәдени мұрасын сақтауға және домбыра аспабында ойнауды насихаттауға бағытталған.

ҰЛТТЫҚ СПОРТ КҮНІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Наурызнама онкүндігінің жетінші күні – Ұлттық спорт күні.

Бұл айрықша күні ұлттық спорт түрлерінің бай мұрасын, оның халқымыздың рухани және физикалық дамуындағы маңызын атап өтеміз.

Ұлттық спорт түрлері халқымыздың өмір сүру салтын, адам өмірін, еңбегін, ұлттық негіздерін, ар-намыс пен күш-қайратты, ептілік, төзімділік және жылдамдық сияқты қадір-қасиеттерді бейнелейді.

АРАЙЛЫҚТАР ҚАРТТАР ҮЙІНЕ БАРДЫ

15- наурыз күні Оқушылар сарайының «Арай» жоғары сынып оқушылар клубы Алматы қаласындағы «Шаңырақ» әлеуметтік қызметтер орталығында «Масленица» мерекесін өткізді. Арайлықтар орталықтағы аталар мен әжелерге өз өнерлерін көрсетіп, оларға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Кеш барысында ән де шырқалып, би де биленді. Клуб жетекші Оксана Витальевна бастаған топ қарттардың ыстық ықыласына ие болды. Өз кезегінде қарттар кеш үшін алғыс білдіріп, балаларға зор денсаулық тіледі.

ҰЛТТЫҚ КИІМ – ҰЛТ АЙНАСЫ

18 Наурыз – «Ұлттық киім» күніне орай еліміздің Наурызнама онкүндігі аясында Оқушылар сарайының қызметкерлері ұлттық киім үлгісімен атаулы күннің бастамасына қолдау көрсетті.

Бұл күннің негізгі мақсаты – наурыз мерекесін ұлықтау һәм ұлттық құндылығымызды насихаттап, киімдеріміздің танымалдылығын арттыру.

ЖАС ӘНШІЛЕРІМІЗДІҢ КЕЗЕКТІ ЖЕҢІСІ

Оқушылар сарайының Балалар музыка мектебінің оқушылары Бостан Нұрболат және Кенжебек Заңғар «Армысың ,Әз Наурыз» республикалық балалар байқауының «Дәстүрлі ән» номинациясының ГРАН-ПРИ иегерлері атанса, Тоқтан Ақтан 1-орынға ие болды.

Сондай-ақ, Қанапия Омар мен Нұрмолда Ақтоты республикалық “Тайжарыс” байқауының Бас жүлдесіне ие болып, жеңіс туын тағы тікті.

Дарынды оқушыларымызды лайықты жеңістерімен шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыстар тілейміз!

«АҚ ШАҒАЛА» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ХОРЕОГРАФИЯЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ҚАЛАЛЫҚ ІРІКТЕУ КЕЗЕҢІ ӨТТІ

Аталмыш конкурс оқушылардың хореографиялық шығармашылық қабілеттерін дамыту, рухани-адамгершілік және мәдени құндылықтарды бойларына қалыптастыру және ең бастысы, қазақ халқының және өзге этностардың би мәдениетін жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған.

Мың бұралған бишілеріміз ұлттық және заманауи бағыттағы билерді билеп, көрермен қошеметіне ие болды. Сайыс соңында өнерпаздарымыз жүлделі орындарды қанжығалырына байлап, нағыз кәсіби бишілер екендерін көрсетті.

Ұлттық мәдениет пен халықтың салт-дәстүріне құрметпен қарауды үйретуге бағытталған «Ақ шағала» республикалық хореография фестиваль-байқауына қатысқан барша қатысушыларға алғысымызды айтамыз!

«МЕНІҢ ОТАНЫМ – ҚАЗАҚСТАН»

14-наурыз күні Оқушылар сарайында «Менің отаным – Қазақстан» атты қалалық туристік-өлкетану слеті өтті.

Аталмыш слеттің мақсаты: балалардың азаматтылық пен отаншылдық сезімдерін тәрбиелеу, экспедициялық жасақтардың туристік қызметін жандандыру жолымен салауатты өмір салтын насихаттау.

Шара барысында сарайымыздың жас бишілері мен әншілері көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.

Марапаттау рәсімінде Оқушылар сарайының Туристік-өлкетану бөлімінің жетекшісі Ренат Равильевич жеңімпаздарға дипломдар мен сыйлықтар, барша қатысушылар мен олардың жетекшілеріне сертификаттар табыстады.