
Жаздың белортасы келді, ал «Өрнек» лагерінде екі ауысым артта қалды. Бұл күндері лагерь аумағы балалардың шат күлкісіне, жаңа достықтарға, сахнадағы жарқын өнерлерге және ұмытылмас оқиғаларға толы болды. Алда – әлі де үш ауысым. Демек, жаңа таныстықтар мен тосын сыйлар әлі алда.

«Өрнек» – бұл жай ғана демалыс орны емес. Бұл – шабыт пен сенімге толы әлем. Біз үшін ең бастысы – баланың өзін қауіпсіз, еркін, маңызды сезінуі. Сондықтан да жайлы жатын орын, бес мезгіл құнарлы тамақ, тәулік бойы жұмыс істейтін медпункт пен тәртіпті қамтамасыз ететін қауіпсіздік жүйесі – тек негіз ғана. Барлық көңіл – мазмұнға бағытталған.
Әр күн – тақырыпқа негізделген. Бір күні балалар сахнада өнер көрсетсе, келесі күні – робот жинап, ғылыми тәжірибелерге қатысады. Эко-десантқа шыққан күндері табиғатты қорғау жолдарын зерттейді. Ал «Экономикалық марафонда» нағыз кәсіпкерге айналып, өз кәсібін ашып көреді.
Балалар мұнда тек қатыспайды – жасайды, ойлап табады, таңғалдырады.
«Жеті қазына» квестінде қазақ эпостарының құпияларын ашты, Digital-show кезінде жасанды интеллект таңдаған әуенге билеп, өз стильдерін көрсетті. Ал «Өрнек дауысы» байқауында – сахнаға нағыз әртістей шықты.

Осының бәрі – тәжірибелі, бала жүрегін түсінетін вожатыйлар мен педагогтардың жанашыр жетекшілігімен өтеді. Әр бала – бұл үлкен мүмкіндіктің иесі. Біз оны сезіндіре білеміз. Бірінші күннен-ақ балалар өзін ортада сезініп, сеніммен әрекет етеді.
Бағдарлама балалардың жас ерекшелігіне сай құрылған. Кішкентайлар үшін – ойын мен танысу, орта буынға – тапқырлық пен ізденіс, ал үлкендерге – көшбасшылық пен жауапкершілік. Мысалы, «Көшпенділер әлемі» күнінде кішкентайлар ұлттық ойындарды қызықты эстафета түрінде ойнаса, ересектер – айтыс пен көкпар секілді зияткерлік жарыстарға қатысады.
Әр ауысым – үлкен бір оқиға. Соңғы күндері – шаттық пен сағыныш қатар жүреді. Достық отының жылуы, капсулаға жазылған тілектер, сахнадағы қоштасу әндері – осының бәрі лагерьдің жүрекке жылы естелігіне айналады.
Кетіп бара жатып, көп бала: «Мен міндетті түрде қайта келем!» – дейді.
Жаз «Өрнек» лагерінде әлі аяқталған жоқ. Алда – үш ерекше ауысым. Командамыз жаңа бағдарламалар мен жаңалықтар дайындап жатыр. Өйткені біз үшін жаз – бұл жай демалыс емес. Бұл – баланың дос тапқан, арманына сенген, жүрегі бақытқа толған шағы.



