Оқушылар Сарайының білім алушылары ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтіп жатқан көптеген іс-шараларға қатысып жатыр. Күні кеше «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жас өспірімдер ұйымы» мен «Birgemiz: Taza Alem» жалпы ұлттық жобасының ұйымдастыруымен өткен Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Жарлысу ауылы, Қарабұлақ тауының етегінде орналасқан «Тау қымыз» емдеу–сауықтыру орталығында республикалық экологиялық лагерь жұмысына да белсене қатысып қайтты. Өткізіліп отырған республикалық экологиялық бас қосуға қатысушылардың табиғаттың сарқылмас байлықтарын үнемді әрі орнымен пайдалануды үйренуге талпынғаны, табиғатқа ерекше қамқорлық танытуға ұмтылғаны көрініп тұрды. Бұл әрине, басқосудың басты мақсаты.
Қазір күзгі ағаш отырғызу маусымына дәл келгендіктен жас көшеттер отырғызып, қоршаған ортамызды қоқыстардан тазарту сияқты іс-шараларға қатысты. Бұл сапардың Алматы қаласы Оқушылар сарайының “Жас Ұлан” балалар мен жасөспірімдер ұйымы мүшелері мен тәлімгерлеріне де үлкен күш қуат беріп, ерекше әсер еткені анық. Оқушылар сарайының білім алушылары аз ғана уақыт ішінде білімдерін тереңдетіп, өзара тәжірибелер алмасты. Кең байтақ еліміздің киелі жерлерін өз көздерімен көріп, көңілдеріне көп нәрсе түйіп қайтты. Республикалық лагерьге қатысушы оқушылар таза табиғат аясында демалып, жаңа достар тапты. Осындай мүмкіндік туғызған «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жас өспірімдер ұйымы» мен «Birgemiz: Taza Alem» жалпы ұлттық жобасының ұйымдастырушыларына айтар алғыстары да шексіз.