Әз-Наурыз мерекесі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға келген арнайы сапарында Оқушылар сарайына барды. Алматыдағы айтулы архитектуралық кешендердің бірі саналатын Оқушылар сарайын аралап көрді. Ғылым мен білімнің орталығы дәл қазір қайта қалпына келтіру мен жаңғырту кезеңінен өтіп жатыр. Сондықтан оның нәтижелері мен жоспарлары таныстырылды.
Сонымен қатар, Алматы қаласы әкімшілігінің балалардың бос уақытын тиімді өткізуге жасап отырған жағдайы да жан-жақты айтылды. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың көркем шығармашылық жұмыстарының көрмесімен, Сарайдың жаңа инновациялық қызметімен танысып шықты.
Мемлекет басшысы Оқушылар сарайының биология және нейротехнология, гидропоника, 3D модельдеу және робот жасау зертханаларын, сондай-ақ анимация, дыбыс жазу, білім беру медиажобаларына арналған студиясын аралап көрді.
Мемлекет басшысы оқушылармен әңгімелесіп, Сарай ұжымы мен балаларды Наурыз мерекесімен құттықтады.
Ел Президенті балаларға сыйлықтар тарту етіп, соңғы үлгідегі оқу телескопын сыйға тартты.
Мемлекет басшысы Оқушылар сарайына автобус тарту етті.
Осынау ізгілік мерекесі күні зор қуаныш сыйлаған ел Президенті Қасым- Жомарт Тоқаевқа Оқушылар сарайы ұжымы мен білім алушылардың атынан шексіз алғысымызды білдіреміз!