2025 жылғы 3 мамырда Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Оқушылар сарайының Үлкен концерт залында ұлы ақын, ойшыл және композитор Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай арманы» атты қайырымдылық концерті өтті.
Игі шараның бастамашысы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Еуропа опера өнерінің магистрі Сүндет Байғожин. Бұл концерт еліміздің 12 қаласын қамтитын кең ауқымды гастрольдік турдың алғашқы кезеңі болып табылады.
Концерт бағдарламасына Абай Құнанбайұлының ариялары мен романстары, дәстүрлі қазақ музыкалық туындылары және ақынның өлеңдері енді. Шараға өнер саласының танымал өкілдері – пианист Айшабибі Асқарова және конферансье Марат Айтімбай қатысты.
«Абай арманы» жобасының мақсаты – ұлы ақынның бай мұрасын кеңінен насихаттау, ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу және жастардың эстетикалық тәрбиесіне үлес қосу.




