30 сәуір күні Алматы қаласы Оқушылар сарайының экология-биологиялық бөлімінде көктемнің алғашқы гүлдеріне арналған дәстүрлі қалалық «Көктем көркі – қызғалдақ» шығармашылық фестивалі өтті. Іс-шараға 1000-нан астам оқушы мен қала қонақтары қатысты.
Фестиваль – тек көркемдік мереке ғана емес, сонымен қатар табиғатты қорғауға бағытталған экологиялық-ағартушылық алаң болды. Себебі дәл көктем мезгілінде Қазақстанда сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген эндемикалық өсімдіктер — қызғалдақтар, Алатау шафраны, ирис сынды гүлдер гүлдейді. Бұл өсімдіктердің көпшілігі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген және қорғауды қажет етеді.
Фестиваль аясында бірнеше байқау ұйымдастырылды:
• «Көктем сыйы» — тірі гүлдер мен табиғи материалдардан жасалған гүл композициялары байқауы;
• «Көктемнің нәзік гүлі» — көктем гүлдерінен шабыт алған костюмдер дефилесі;
• «Ашық микрофон» — балалар көктем, табиғат және гүлдер туралы өлеңдер оқыды;
• «Менің қызғалдағым» атты плэнер — «Волшебная кисточка» бірлестігінің жас суретшілері акварельмен гүлдердің бейнесін мольбертке түсірді.
Фестиваль жыл сайын өтіп, өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған. Ұйымдастырушылар – Алматы қаласы Оқушылар сарайының экология-биологиялық бөлімі – барлық қатысушыларға және ұстаздарға белсенділік пен табиғатқа деген жанашырлықтары үшін алғыстарын білдірді.
«Көктем көркі – қызғалдақ» фестивалі – табиғаттың сұлулығын дәріптейтін, шығармашылық пен экологиялық тәрбие тоғысқан тамаша шара ретінде есте қалды.




