Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – қаһармандық пен бейбіт өмірдің құндылығын еске салатын ерекше тарихи дата. Жеңіс күні қарсаңында 25 ақпан күні Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Оқушылар сарайында «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты мерекелік концерт өтті. Концертке Қ. Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатының балалар ұжымдары мен белгілі қазақстандық орындаушылар қатысты.







Сахнада әскери және соғыстан кейінгі жылдардағы әндермен қатар, қазіргі заманның танымал композициялары да шырқалды. «Катюша», «Смуглянка», «Темная ночь», «Синий платочек», «Бессмертный полк», «Я хочу, чтобы не было войны», «Прощание славянки», «Журавли», «Ана туралы баллада» сынды жүрекке жылы әндер тыңдарманды ерекше әсерге бөледі.
Музыкалық сүйемелдеуді Қ. Байсейітова атындағы РММШИ-нің екі бірегей ұжымы — үрмелі аспаптар оркестрі (жет. Василий Иванов) және эстрадалық-симфониялық оркестр (жет. Никита Беляков) қамтамасыз етті. Сондай-ақ филармония солистері мен халықаралық байқаулардың лауреаттары — Иван Мартыненко, Жанибек Заин, Игорь Благодарный, Береке Енкебаева, 9-сынып оқушысы Аруай Асетқызы және Жібек Молдакаримова жетекшілік ететін балалар хоры өнер көрсетті.
Концерттің көркі — Қазақстанның халық артисі Роза Қуанышқызы Рымбаеваның орындауындағы «Алия», «Қазақ елі», «Цвети, моя Земля!», «Любовь настала», «Снег седины», «Жарасты жанұя», «Ертеңіме сенемін» секілді аңызға айналған туындылар болды.
Мерекелік кештің жарқын қорытындысы ретінде балалар хорының орындауында Александра Пахмутова мен Михаил Львовтың «Поклонимся великим тем годам» әні және барлық қатысушылар мен көрермендердің бірге шырқауымен орындалған Давид Тухманов пен Владимир Харитоновтың «День Победы» композициясы шырқалды. Концертке әлеуметтік осал топтағы балалар, мектеп оқушылары, ұстаздар, еңбек ардагерлері мен тыл еңбеккерлері шақырылды.
Оқушылар сарайы осы ерекше кешке атсалысқан әрбір қатысушыға алғысын білдіреді! Елімізге бейбіт өмір, амандық пен гүлдену тілейміз!