2025 жылғы 11 сәуірде Алматы қаласындағы Оқушылар сарайында Дүниежүзілік авиация және ғарыш күніне арналған жарқын ғылыми-инженерлік мереке өтті. Осы күні астрофизика зертханасының қатысушылары өз қолдарымен құрастырған зымыран үлгілерін салтанатты түрде сәтті ұшырды.


Бір ай бойы жас өнертапқыштар бұл маңызды күнге тиянақты дайындалды: зымыран құрылымдарын жобалап, материалдарды таңдап, аэродинамикалық параметрлерді есептеп, сынақтар жүргізді. Бұл процесте оларға ұстазы әрі тәлімгері — Арысбай Ақсұнқар Мұхамедиярұлы бағыт-бағдар беріп, ғылыми және инженерлік қабілеттерін дамытуға үлкен үлес қосты.
Зымырандар қағаздан, карамель отынынан және 3D-басып шығару арқылы жасалған PLA композиттік материалынан қолдан жасалды. Ерекше үлгілердің авторлары — Маргарита Макарова, Адильжан Марат, Фатима Мылтыкбай, Камила Каримова, Назима Худайбергенова и Айхан Талипов. Әрбір жас ғалым өз жобасына білімін ғана емес, ғылымға деген қызығушылығын, шығармашылығын және ынтасын да қосты.
Зымырандар мінсіз ұшырылып, шамамен 200 метр биіктікке көтеріліп, ұшу шегінде парашюттерін дәл ашты. Бұл — балалардың жоғары деңгейде дайындалғанының айқын дәлелі.
Аталмыш жетістік елеусіз қалған жоқ: Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты Аэроғарыш комитеті жас астрофизиктердің табысын атап өтіп, бұл жөнінде өздерінің ресми сайтында арнайы жарияланым шығарды.
Бұл іс-шара білім беру жобасының шарықтау шегіне айналып, қатысушыларға үлкен шабыт сыйлады. Ол бүгінгі мектеп оқушыларының арасында болашақ инженерлер, ғалымдар, тіпті ғарышкерлер де бар екенін дәлелдеді. Балалар мен жасөспірімдер сарайы өз тәрбиеленушілерін мақтан тұтады және жас таланттардың биік белестерді бағындыруына барынша қолдау көрсетуді жалғастырады.