Оқушылар сарайында кәсіби шеберлік бойынша WorldSkills Almaty – 2025 X аймақтық чемпионаты салтанатты түрде аяқталды. Бұл мерейлі чемпионат 200-ден астам колледж студентін біріктіріп, жастардың еңбекке деген құрметін, кәсіби дағдыға деген құштарлығын айқын дәлелі болғаны анық.

Чемпионат Президент жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылып, жұмысшы кәсіптерінің мәртебесін арттыру мен білікті мамандарды даярлауға ерекше үлес қосты. Байқауға қатысушылар 30 түрлі құзырет бойынша сайысқа түсті: инженерия, ақпараттық технологиялар, электроника, графикалық дизайн, 3D-баспа, құрылыс, автомобиль диагностикасы, аспаздық, сән және шаштараз өнері сынды салалар қамтыған.

Чемпионат нәтижесінде жеңімпаздар анықталды. Алдағы уақытта 32 үздік қатысушы Астанада өтетін WorldSkills Kazakhstan – 2025 республикалық чемпионатында Алматы атынан бақ сынайды. Бұл – халықаралық деңгейге, яғни 2026 жылы Шанхайда өтетін WorldSkills International чемпионатына апарар үлкен мүмкіндік.

Биылғы чемпионаттың айрықша сәті – ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер үшін WS Abilympics стандарты бойынша «Мода технологиясы» құзыреті бойынша сайыс өткізілуі болды. Бұл кәсіби білім беру саласында тең мүмкіндік ұсынудың нақты қадамына айналды.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі шынайы өнер мерекесіне айналды. Кеш барысында қонақтар мен қатысушылар алдында Қазақстанның танымал әртістері мен халықаралық сахна жұлдыздары өнер көрсетті: Асылбек Енсепов, Али Окапов, Мади Рымбаев, «IL CANTO» вокалды квартеті және «Ұлытау» этно-рок аспаптар ансамблі. Олардың орындауындағы туындылар кештің рухын көтеріп, шабыт сыйлады.

Чемпионаттың жүлде қоры – шамамен 10 миллион теңге. Жеңімпаздарға 150 000, 100 000 және 50 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, серіктестер мен ұйымдастырушылар тарапынан естелік сыйлықтар мен алғыс хаттар ұсынылды.

Чемпионатты 15 000-нан астам мектеп оқушысы тамашалап, өз болашағын жұмысшы мамандықтармен байланыстыруға қызығушылық танытты. WorldSkills Almaty – бұл тек жарыс емес, сонымен қатар жастарды кәсіптік бағытқа бағыттайтын маңызды қадам болды.

Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз! Шығармашылық шабыт пен кәсіби табыс тілейміз!