Оқушылар сарайының Үлкен концерт залында XXIII Халықаралық джаз фестивалі — «Алматыдағы джаз мерекесі» жоғары деңгейде өтті. Бұл — жыл сайын әлемнің үздік джаз музыканттарын біріктіретін, еліміздегі ең маңызды музыкалық оқиғалардың бірі.
Фестиваль идеясын алғаш ұсынған — біздің Балалар джаз музыкалық мектебінің ұстазы, Almaty Youth Jazz Band ұжымының жетекшісі Тагир Михайлович Зарипов. Ұстаздың джаз өнеріне деген шынайы махаббаты мен қажырлы еңбегінің арқасында бұл фестиваль халықаралық мәдени дәстүрге айналды.
Фестиваль сахнасында әлемдік деңгейдегі ұжымдар өнер көрсетті: аты аңызға айналған француздық Jérémie Ternoy Trio, венгрлік Oláh Krisztián Quartet, италиялық Ada Montellanico & Vittorio Solimene дуэті, сонымен қатар отандық музыканттар — Зухра Зейнгалиева Секстеті, Trio Art Collectors және Оқушылар сарайының мақтанышы — Almaty Youth Jazz Band.
Джаз кеші көрермендерге еркіндік, импровизация және шеберлік рухын сыйлады — джаз өнерінің ғажап қуаты дәл осы кеште ерекше сезілді.
Барша қатысушылар мен қонақтарға алғыс білдіреміз! Келесі жылы Алматыда өтетін джаз мерекесінде қайта жүздескенше!