2025 жылғы 23 сәуірде Алматы қаласының Оқушылар сарайының аумағында «Жас құтқарушы» қалалық спорттық жарысының аудандық кезеңі өтті. Іс-шара ҚР 2014 жылғы 11 сәуірдегі «Азаматтық қорғау туралы» Заңының 46-бабы 3-тармағын іске асыру мақсатында ұйымдастырылған еді. Жарыстың басты мақсаты — оқушылардың төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету машықтарын жетілдіру, өмір қауіпсіздігі негіздері бойынша білімін арттыру, сондай-ақ құтқару қызметі мен өрт қауіпсіздігі салаларында алғашқы көмек көрсету дағдыларын дамыту.

Аудандық кезеңге 9 ауданнан мектеп оқушыларынан құралған командалар қатысты. 14 пен 16 жас аралығындағы (9–10 сыныптар) жасөспірімдер түрлі спорттық және практикалық сынақтардан өтті. Жарыс бағдарламасында «Көркем таныстыру», «Стенгазет», «Бекіністі ашу», «Медициналық көмек көрсету», «Жараланғанды тасымалдау», «Арқан арқылы өткел», «Маятниктік өткел», «Судың үстіндегі құтқару шаралары» секілді 14 кезең қамтылды.

Жарыс оқушылардың дене дайындығын ғана емес, командалық рухын, жауапкершілігін және шұғыл әрекет ету қабілетін нығайтуға бағытталды. Алда өтетін қалалық финалға үздік нәтиже көрсеткен командалар жолдама иегері атанған.

Іс-шараны Алматы қаласы білім басқармасының туристік-өлкетану бөлімі және Оқушылар сарайы бірлесе ұйымдастырғаны үшін алғысымыз шексіз!