9 сәуір күні Оқушылар сарайы мектеп командалары арасында шахматтан өткен әлем чемпионатының қатысушыларын қарсы алды. Оңтүстік Астананың қонақжай төріне Орталық Азия елдерімен қатар Үндістан, Сингапур, Бангладеш, Түрікменстан және Жаңа Зеландиядан 52 жас зияткер жиналды.
Мәртебелі қонақтарды халқымыздың асыл дәстүрімен – ыстық бауырсақ пен Алматының хош иісті апорты ұсынылып, салтанатты күймен қарсы алды. «Әлқисса» домбырашылар оркестрінің күмбірлеген күйі кештің айбынын асырса, киізден жасалған бұйымдар көрмесі мен арнайы шеберлік сағаттары қатысушыларға қазақтың төл мәдениеті мен қолөнерінің қыр-сырын танытты.
Танымдық бағдарлама Планетарийде жалғасып, балалар Ғаламшар сырлары туралы ғылыми фильмді тамашалады. Әсіресе, квадрокоптерлер кабинетіндегі дәріс балалардың ерекше қызығушылығын тудырды: мұнда олар тәжірибелі ұстаздардың жетекшілігімен дрон басқару негіздерін меңгеріп, заманауи технология әлеміне қадам басты.
Бұл кездесу қатысушылардың өрісін кеңейтіп қана қоймай, түрлі мәдениеттер арасындағы алтын көпірге айналып, елдер арасындағы достық байланысты нығайта түсті!