2020 жылдың 19 қаңтар күні «Жас Ұлан» бірыңғай балалар жасөспірімдер ұйымы жоспар бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайына шолу жасады. Мұражайдың тарихына көшсек, 1976 жылы Т.Г.Шевченко атындағы Қазақ мемлекттік көркемсурет галереясының (1935 жылы қаланған) және Республикалық қолданбалы өнер музейінің 1970 жылғы қоры негізінде қаланған. 1984 жылы қаңтарда музейге Қазақ КСР Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің есімі берілді.
Екінші қабатқа көтерілген бойда көзге таныс, көңілге ыстық қазақтың ұлттық ер-тұрманы, алдаспан қылыштар, текемет, тұскиіз, сәукеле, қалыңдық көйлегі т.б қойылған. Келесі залдан бастап көркемсурет туындыларының көрмесі басталады.
Бұл жерден Қазақстанның, Ресейдің, Еуропаның, Американың, Шығыс елдері халықтарының кескіндеме, графика, сәулет өнерінің баға жетпес жұмыстары бар. Музейдің экспозициясы әрбір халықтың мәдени байлығы мен ерекшелігін көрсететін экспонаттар арқылы әлемдік өнердің негізі мен даму сатыларын байқауға болатын тарихи хронологияға негізделген. Жан-жағыңнан қоршаған картиналарға қарап, әр уақыттың тыныс-тіршілігіне куә боласың.