Алматы қаласы Оқушылар сарайының тарихы – ол шежіре, мұнда қазақстандықтардың көптеген ұрпақтарының есімдері мен тағдырлары өрілген. Қазақ КСР Үкіметінің қаулысымен салынған Сарай 1983 жылы 30 қыркүйекте мектеп оқушыларының бас қосатын орны мен ауқымды шаралардың орталығына айналған.
Архитектуралық ерекшеліктері
Дінмұхамед Ахмедұлы Қонаевтың бастамасымен салынған Оқушылар сарайының ғимараты маңызды сәулет ескерткіші болып табылады. 1984 жылдан бастап Республикалық маңызы бар нысандар тізіліміне енгізілген, оны жетекші сәулетшілер В.Ким, А.П. Зуев пен Т.С. Әбілдаев жобалаған.
Негізгі кіреберіс дөңгелек вестибюльге апаратын үлкен баспалдақ пен күннен қорғайтын желбезектермен ерекшеленеді. Люкар терезелері күмбез астындағы кеңістікті жарықтандырады, өзгермелі әсер жасайды.
Ғимарат 12 павильоннан тұрады және 35 мың шаршы метрден астам аумақты алып жатыр, сарайдың ерекше спираль пішіні бар. Ғимарат қазақстандық материалдардан: Қордай мен Балқаш граниттерінен, Маңғыстаудың ұлутастарынан, ағаштан және металдан салынған. Орталық элемент – диаметрі 21 метр және биіктігі 19 метр, спиральды галактиканы бейнелейтін күмбез.
Қазіргі заманғы даму
2022 жылдан бастап Оқушылар сарайында жаңғыртудың бірнеше кезеңі жүргізілді. Инновациялық ғылыми-техникалық зертханалар, (3D прототипі, робототехника, гидропоника, IT/VR/AR, нейротехнология, медиа орталық, планетарий), жаңа заманауи телескоптар орнатылған обсерватория ашылды. Спорт кешенінің ғимараты күрделі жөндеуден өтті, балалар музыка мектебінің оқу кабинеттері жаңартылды, Оқушылар сарайындағы үлкен холл, көрме павильоны және т.б. қалпына келтірілді. Инженерлік жүйелер ауыстырылды. Жылу, желдету, ауаны баптау және сумен жабдықтау жүйелері, кәріз, төмен ток жүйелері толығымен жаңартылып, жаңа электрлік жабдықтармен жабдықталды.
Тарих және қайта құрулар
1983 – 1991 жж – Республикалық пионерлер мен оқушылар сарайы
1992 – 2004 – «Республикалық оқушылар сарайы» РМКҚ
2004 ж. – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Республикалық біліктілікті арттыру оқу-әдістемелік орталығы» РМКҚ
2009 ж. – Алматы қаласы Білім басқармасының «Оқушылар сарайы» МКҚК
2023 ж. – Алматы қаласы Білім басқармасының «Оқушылар сарайы» ШЖҚ МКҚК.