24-31 желтоқсан аралығында Оқушылар сарайында өткен «Жаңа жылға саяхат» мерекелік шоу-бағдарламасы балаларға ұмытылмас әсер сыйлады. Күн сайын әдемі костюмдерін киген балалар ата-аналарымен бірге келіп, ертегі әлеміне еніп, ойын ойнап, ән салып, би билеп, нағыз мерекелік көңіл күйге бөленді. Ертегі кейіпкерлері, Аяз ата мен Ақшақар балалармен бірге жаңа жылдың ғажайып әлеміне сапар шегіп, әр бала өз тақпақтарын айтып, тәтті сыйлықтарға ие болды. Эстрада жұлдыздары Асет Арыстанбек пен Балжан Бидаш өздерінің әсем әндерімен балаларға қуаныш сыйлады. Мерекенің шарықтау сәті 31 желтоқсанда өтті. Бұл күні «Мейірім» оңалту орталығы мен «Жанұя» мамандандырылған кешенінің балалары ерекше қуанышқа кенелді. Шараға Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Мәлгаждарова Бибігүл Төлепбергенқызы мен Гасанов Рафаэль Руфикович арнайы қатысып, мерекелік іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына ризашылықтарын білдірді. Олар балаларға жүрекжарды тілектерін айтып, тәтті сыйлықтарын табыстады. Балалардың жүзіндегі шынайы күлкі мен қуаныш – бұл мерекенің ең басты сыйы.
Келе жатқан Жаңа жыл баршаңызға құт-береке әкелсін!