Биыл 40 жыл мерейтойын атап өткен Оқушылар сарайы оқу жылын онлайн форматта бастаған болатын. Оның басты себебі, сарайдағы күрделі құрылыс жұмыстарының жүргізілуінде.
Қосымша білім беру және мәдени іс-шаралар орталығы ретінде қызмет ететін тарихи ғимарат жөндеу жұмыстарының арқасында қайта жандануда. Бұл туралы Оқушылар сарайының директоры Айгүл Болатбекқызы хабарлайды. “Қазіргі уақытта сарайда жаңғыртудың ең маңызды кезеңдерінің бірі аяқталып, одан кейін инфрақұрылым толығымен жаңартылған соң, обсерватория өз жұмысын дәстүрлі оқу форматында қайтадан бастайды. Жаңа инновациялық бағыттар ашылып, балаларды қосымша біліммен одан әрі қамту үшін барлық қажетті жағдайлар жасалатын болады. Ең бастысы, сарай өзінің тарихи келбетін сақтап қалады”,-дейді А. Болатбекқызы
Сарайды жаңғыртудың барлық мәселелері қала басшылығының тұрақты назарында. Қазан айының басында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев сарайда болып, ұжымды 40 жыл мерейтойымен құттықтады. Жөндеу жұмыстарының барысымен танысқан әкім барлық іс жоғары сапалы деңгейде жүргізілуін, оқушыларға қауіпсіз және қолайлы жағдай жасау керектігін атап өтті.