Қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде мерекелеу туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жарлыққа қол қойған болатын.

Осыған орай, Алматы қаласы Оқушылар сарайы ұлы ақын және ойшыл Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған аспаптық орындау бойынша қашықтықтан халықаралық байқау өткізді.

Байқауға балалар музыка және өнер мектептері мен басқа да білім беру мекемелерінің оқушылары қатысты. Аталған сайыста 7 – 18 жас аралығындағы 598 үміткер өз бақтарын сынады. Оның ішіндегі 20 қатысушы басқа елдерден (Ресей, Оңтүстік Корея, Өзбекістан, Қырғызстан) қатысты.

Өлмейтұғын сөз ғана емес, өлмейтұғын ән қалдырған Хакім Абайдың музыкалық мұрасы бірден – бір сүбелі сала. Абайдың музыкасы, композиторлық қырының да өзіндік мектебін қалыптастырушы ұстаз деп айтуға толық болады. Абай өлеңдері Қазақ сахарасына тез тарап, халықпен тез қауышуы – естуге жайлы, есте сақтауға да, айтылуға да қолайлы байсалды әуендерімен үндестікте келуінің нәтижесі.

Абайдың композиторлық шеберлігі – қазақ музыкасына жаңа леп қосуымен эстетикалық танымдық, философиялық, идеялық – тәрбиелік маңызының артуына жол ашушы. Міне біздің байқаудың мақсаты ұлы Абай өлеңдерін дәріптеп, рухани құндылықтарын, шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау.