Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Алматы қаласы Оқушылар сарайының «Әлқисса» домбыра студиясы Ардагерлер кеңесінің өкілдері, Ауған соғысының ардагерлері, Б. Момышұлы атындағы мектеп тәрбиеленушілері мен қала мектептерінің оқушылары үшін «Ұрпаққа ұран болған ЖЕҢІС» атты салтанатты концерттік бағдарламасын ұсынды.
Аталмыш бірегей музыкалық кешті Алматы қаласы Білім басқармасының Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының қолдауымен Оқушылар сарайы ұйымдастырған болатын.
Сахна төрінде шеберліктері халықаралық деңгейде мойындалған, таяуда ғана Нью-Йорк сахнасын өз өнерлерімен баурап қайтқан әйгілі «Әлқисса» ансамблінің барлық жас ерекшелік топтары өнер көрсетті. Жас домбырашылардың орындауында қазақ классикасының жауһарлары мен тағылымды туындылар күмбірлеп, қасиетті домбыра үнінің сарқылмас тереңдігін тағы бір мәрте паш етті.
Мерекелік шара аясында «Әлқисса» студиясының жетекшісі мен тәлімгерлері Алматы қаласы Білім басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталды.



