Әлемнің Олжасы



Биыл қазақ даласында дүниеге келіп, әлемнің ұлы Олжасына айналған кемеңгер ақын Олжас Сүлейменов 85 жасқа толып отыр. Болашақ ақын  1936 жылдың мамыр айында Алматы қаласында дүниеге келген.
Олжас  Сүлейменов өзінің  еңбек жолында “Простор” журналының поэзия бөлімінің меңгерушісі, “Қазақфильм” киностудиясының редакция алқасының бас редакторы, Қазақстан жазушылар одағының бірінші хатшысы сияқты жауапты қызметтерді атқарды. Сонымен қатар, Азия-Африка елдері жазушыларымен байланыс жөніндегі қазақстандық комитеттің төрағасы, Қазақ КСР кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы қызметтерін  атқарды.
Атақты ақынның жазған  “АЗ и Я” атты туындысы қоғамды дүр сілкінтіп, үлкен қозғалыс  туғызса,  «Адамға табын, жер енді» еңбегі де сол кезде үлкен талқыға түсіп, әдебиет әлеміне ерекшелік әкелген еді.
Қазақ даласының қасіретіне айналған Семей полигонының жабылуына да ақын өзінің азаматтық үнін білдірді. Бұл жолда да үнсіз қалмаған ақын 1990 жылы ядролық апатқа қарсы “Невада-Семей” қозғалысын құрып, Семей полигонының жабылуына зор үлесін қосты. Өзінің азаматтық парызын өлеңмен ғана шектемей, саясатта да үлкен жауапкершілік танытты. Ол Қазақстан халық конгресі партиясының төрағасы, Қазақстанның Италиядағы, Грекиядағы, сондай-ақ Мальта республикасындағы төтенше және өкілетті елші міндеттерін  атқарды. Сондай-ақ, Қазақстан республикасының ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі болса, 2018 жылы Алматыдағы «Мәдениеттерді жақындастыру орталығын» басқарды.
Өлеңмен өмірі өріліп,  елінің саяси өміріне де үн қосқан Олжас Сүлейменов Қазақстан Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығына ие болып, Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығын алады.  Өр мінезді ақын 1992 жылы Қазақстанның Халық жазушысы атағына ие болады.
Өз елінің тәуелсіздіін жырына арқау еткен ақын Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығын, Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты атанды.  
Өнегелі ғұмыры бір сәтте үнсіз қалмай, елі мен жеріне қызмет етумен келе жатқан алаштың ұлы, әлемнің Олжасына барша оқырмандары атынан  зор денсаулық, қажымас қанат тілейміз!