АЛМАТЫНЫ АЯЛАЙЫҚ!

Алаштың айбыны болған ару Алматымыздың басына түскен ауыртпалық әрбірімізге үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Ақын-жазушының жырына арқау болып, жастық шағымыздың куәсі болған Алматы аса қасиетті мекен. Дегенмен, күні кеше болған оқиғадан кейін көркем қаланың келбетіне мұң түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Алматы — менің туған қалам. Алдымызда қысқа мерзімде қаланы қалпына келтіру міндеті тұр. Бұл — менің Президент ретінде және еліміздің азаматы ретінде парызым. Үкіметтің алдында қаланың келбетін бұрынғыдан да жақсарту міндеті тұр”,- деген болатын. Мемлекет басшысының осы тебіреніске толы сөзі бізге рух беріп, Алматыға деген сүйіспеншілігімізді арттыра түсті. Осыған орай, бүгін шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев қаланы қалпына келтіру барысында жиын өткізіп, Алматыны қайтадан қалпына келтіруге арналған жұмыстарымен таныстырып, жоспарын ортаға салды. Қала әкімінің игі бастамасын қолдай отырып, барша тұрғындарды қаламызды көркейтуге үлес қосуға шақырамын!